Президент Әкімшілігін өз қызметін Мемлекет басшысының тікелей басшылығымен атқаратын Президент Әкімшілігінің Басшысы басқарады.
Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы:
- Мемлекет басшысының бекiтуiне Президент Әкімшiлiгi туралы ереженi ұсынады, Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымы мен штаты жөнiнде ұсыныстар енгiзедi, Президент Әкiмшiлiгiнің штат кестесін бекітеді, оған бекітілген штат саны шегінде өзгерістер енгізеді;
- Мемлекет басшысының көмекшiлерi мен кеңесшiлерiнiң жұмысын үйлестiредi, Әкiмшiлiктiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң жұмысын ұйымдастырады және бағыттап отырады, өзге мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылын қамтамасыз етедi;
- Мемлекет басшысының қарауына Президенттiң көмекшiлерi мен кеңесшiлерiн, Президент Әкiмшiлiгi құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы ұсыныстар енгiзедi, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
- Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ереженi, Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерiнiң лауазымдық нұсқаулықтарын бекiтедi;
- Мемлекет басшысының актiлерiнiң орындалуы мен сақталуын, оның тапсырмаларының орындалуын, Президент Әкiмшiлiгiнде құжаттардың өтуiн бақылау жөнiндегi жұмысты үйлестiредi;
- Республика Президентiнiң қол қоюы мен қарауына Парламент қабылдаған заңдарды, Жарлықтардың, өкiмдердiң жобаларын және Мемлекет басшысына жолданған басқа да құжаттар мен материалдарды ұсынады;
- тұрақты негiзде Президент Әкiмшiлiгiнiң Парламентпен, оның Палаталарымен, жұмыс органдарымен және аппаратымен; Үкiметпен және Премьер-Министр Кеңсесiмен; министрлiктермен және өзге орталық атқарушы органдармен; Конституциялық Кеңеспен; Жоғарғы Сотпен; Бас прокуратурамен, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен, Республика Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн өзге мемлекеттiк органдармен; Ұлттық Банкпен; Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiмен; облыстардың, Республика астанасының және республикалық маңызы бар қалалардың әкiмдерiмен және мәслихаттарымен; жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен; саяси партиялармен және өзге қоғамдық бiрлестiктермен; бұқаралық-ақпараттық құралдарымен; халықпен байланысын қамтамасыз етедi;
- Республика Президенті өзіне жүктеген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы
НҰРТІЛЕУ Мұрат Әбуғалиұлы

1976 жылы Алматы қаласында туған.
1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетін тәмамдаған.
1998-1999 жылдары – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік протокол қызметінің референті, атташесі.
1999-2003 жылдары – Қазақстан Республикасының Малайзиядағы атташесі.
2003-2004 жылдары – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің екінші хатшысы.
2004-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің кеңесшісі.
2007 жылы – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі хатшылығының басшысы.
2007 жылы – Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының Аппараты басшысының орынбасары.
2007-2011 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Аппаратының басшысы.
2011 жылы – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі.
2011 жылы – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің директоры.
2011-2014 жылдары – Қазақстан Республикасының Женевадағы (Швейцария Конфедерациясы) тұрақты өкілдігінде кеңесші-уәкіл.
2014-2016 жылдары – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары.
2016-2019 жылдары – Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Эстониядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы.
2019-2021 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі.
2021-2022 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары.
2022 жылғы қаңтар – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары.
2022 жылғы 1 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.
Ағылшын және неміс тілдерін меңгерген.
Үйленген, 4 баласы бар.