Мемлекеттік басқару бөлімі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесі.
Мемлекеттік басқару бөлімі қызметінің негізгі міндеттері:
1. Президенттің әкімшілік реформа және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өкілеттіктерінің іске асырылуын қамтамасыз ету.
- Қазақстан Республикасында әкімшілік реформа жүргізу және мемлекеттік басқару жүйесін дамыту мәселелері бойынша, соның ішінде адами ресурстарды басқару жүйесі жөнінде ұсыныстар енгізу;
- орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар қызметін жетілдіру бойынша, оның ішінде олардың құрылымы мен штаттық санын оңтайландыру, еңбекақы төлеу жүйесі жөнінде ұсыныстар енгізу;
- мемлекеттік басқару және мемлекеттік органдар деңгейлері арасында мемлекеттік функцияларды бөлу бойынша, сондай-ақ мемлекеттік, квазимемлекеттік және басқа да ұйымдарды оңтайландыру жөнінде ұсыныстар енгізу;
- мемлекеттік органдар мен ұйымдар көрсететін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен спектрін жетілдіру туралы ұсыныстар тұжырымдау;
- Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен сарапшылардың мемлекеттік басқару жүйесін дамыту мәселелері бойынша ғылыми-қолданбалы зерттеулерін үйлестіру;
- мемлекеттік басқару мәселелері бойынша отандық және халықаралық сарапшылармен өзара іс-қимылды үйлестіру, әкімшілік реформа саласында халықаралық тәжірибені талдау.
2. Жүйелі мониторинг және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің нәтижелерін бағалау.
- әкімшілік реформаларды іске асыру және мемлекеттік басқару жүйесін дамыту мәселелері бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметтеріне үйлестіру және бақылау жүргізу;
- әкімшілік реформаларды жүргізудің басымдықтары мен тетіктерін тұжырымдау мақсатында мемлекеттік басқару жүйесіне мониторинг және талдау жүргізу, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметінде жүйелі проблемаларды анықтау;
- мемлекеттік органдар мен ұйымдар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көрсететін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ электрондық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласын дамытуды үйлестіру;
- мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау әдіснамасын жетілдіру бойынша ұсыныс тұжырымдау арқылы қатысу;
- Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелері бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметтеріне тексерулер жүргізу;
- Президент пен оның Әкімшілігі басшылығы жүктеген басқа да міндеттер мен функцияларды іске асыру.
Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі
Әлтайыр Амангелдіұлы АХМЕТОВ
1976 жылы 10 қыркүйекте дүниеге келген.
Білімі-жоғары. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін және Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірді.
Еңбек жолын 1998 жылы бастады.
Әр жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кіріс министрлігінде, Кедендік бақылау агенттігінде, Қаржы министрлігінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде, Индустрия және сауда министрлігінде, Премьер-Министрдің Кеңсесінде қызмет атқарды.
2010-2017 жж. – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Индустриялық-инновациялық даму бөлімінің меңгерушісі;
2017-2019 жж. – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі бойынша Әдеп жөніндегі уәкілі;
2019 жылы ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысы хатшылығының меңгерушісі болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен, «Еуразиялық экономикалық одақты құруға қосқан үлесі үшін» III дәрежелі медалімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.