Мемлекеттік құқық бөлімі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
Мемлекеттік құқық бөлімі қызметінің негізгі бағыттары:
1. Президенттің құқықтық саясат саласындағы өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету.
Бөлім осы міндетті іске асыру үшін мемлекеттің құқықтық саясатының негізгі бағыттары және жетілдіру, құқықтық реттеудің тиімділігін арттыру, осы саладағы стратегиялық құжаттарды әзірлеу жөніндегі ұсыныстарды Президентке дайындауға қатысады.
2. Президенттің Конституциялық Кеңеске, Парламентке, сондай-ақ Үкіметке және өзге орталық атқару органдарына қатысты өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету.
Бөлім осы міндетті іске асыру үшін:
- Заңнамамен белгіленген тәртіпте заңдарға, заңдардың, Үкімет қаулылары жобаларына, мемлекеттік органдар актілерінің жобаларына құқықтық сараптама жүргізеді;
- Президенттің Конституциялық Кеңеске жүгінулерін және Президенттің Конституциялық Кеңестің шешімдеріне қарсылықтарын дайындайды.
3. Президенттің соттарға және судьяларға, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің қызметіне қатысты өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету.
Бөлім осы міндетті іске асыру үшін:
- Президентке Жоғарғы Сотының Төрағасы мен судьяларын қызметке сайлау және қызметтерінен босату мәселелері жөнінде, жергілікті және басқа соттардың төрағаларын және судьяларын тағайындау және қызметтерінен босату мәселелері жөнінде, сот жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындайды;
- Жоғары Сот Кеңесінің отырыстарын дайындау мен өткізуді және оның шешімдерінің орындалуына бақылауды жүзеге асырады.
4. Президент жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің, Президент жанындағы азаматтық мәселелері жөніндегі және кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссиялардың қызметін құқықтық қамтамасыз ету.
Бөлім осы міндетті іске асыру үшін аталған консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарын дайындау мен өткізуді жүзеге асырады, оның шешімдерінің орындалуына бақылауды жүзеге асырады.
Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі
ЖАҚЫПБАЕВ Қайрат Төлегенұлы
1964 жылы 15 ақпанда туған.
Білімі жоғары заңгерлік. Алматы қаласындағы ҚазМУ заң факультетін үздік бітірген.
DBA іскерлік әкімшілендіру докторы.
Мәскеу қаласында КСРО прокуратура органдары басшы кадрларының біліктілігін көтеру институтында оқып, корпоративтік құқық және менеджмент бойынша тренингтер де өтті. Корпоративтік басқару, тәуекелдер мен комплаенс саласында IСA халықаралық дипломы бар.
Еңбек жолын 1985 жылы Шымкент облысы прокуратура органдарында бастаған. 1993 жылдан 2000 жылдар аралығында Бас прокуратурада, Мемлекеттік тергеу комитетінде және ІІМ-де басшылық жедел-тергеу қызметтерін атқарған.
2000-2008 жылдары Парламент Мәжілісінің аппаратында Заңнама қызметі және мониторинг орталығының директоры, Заңнама бөлімінің меңгерушісі, Мәжіліс Төрағасының кеңесшісі, сондай-ақ Қаржы министрлігінде Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген.
2008-2017 жылдары «KEGOC» АҚ-ның басқарушы директоры болып, құқықтық қамтамасыз ету, қауіпсіздік, іс жүргізу, корпоративтік басқару және тәуекелдер мәселелеріне жетекшілік жасаған.
2017-2020 жылдары прокуратура органдарында қызметін жалғастырып, Бас прокуратураның Үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау жөніндегі қызметті, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетін басқарған.
2020 жылдың қазан айынан бастап Президент Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі.
3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі. Ішкі істер органдарының еңбек сіңірген қызметкері. Прокуратура органдарының құрметті қызметкері.
2-дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталған.