Президент жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесі Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына сәйкес, мемлекет пен кәсiпкерлердiң өзара iс-қимылын жандандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 9 сәуірдегі №791 Жарлығымен құрылды.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Кеңестің негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық базасын жетілдіру, нарықтық экономиканың дамуын және отандық инвестицияларды ел экономикасына тартуды ынталандыратын жағдайлар жасау мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстарды әзірлеу;
2) Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және олардың бірлестіктерінің қызметін шоғырландыру;
3) кәсіпкерлік және инвестициялық саясат саласындағы өзге де маңызды мәселелерді қарау және талқылау болып табылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Кеңестің төрағасы болып табылады.
Лауазымы бойынша: Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары немесе әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Кеңестің тұрақты мүшелері болып табылады.