National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Жалпы ақпарат

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 14 маусымдағы N 927 Жарлығы «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің мәртебесі мен өкілеттіктері, Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарын күші жойылды деп тану туралы»

 

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 19) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі (бұдан әрі – Мемлекеттік кеңесші) Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Қазақстан Республикасының лауазымды адамы болып табылады.

2. Мемлекеттік кеңесші өзінің қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей басшылығымен жүзеге асырады, оған есеп береді және бақылауында болады.

3. Мемлекеттік кеңесші қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары, осы Жарлық және Қазақстан Республикасы Президентінің өзге де актілері құрайды.

4. Мемлекеттік кеңесші мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:

1) Қазақстан Республикасының Президентіне ішкі саясат саласы бойынша стратегиялық ұсыныстарды тұжырымдайды;

2) Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес:

Қазақстан Республикасының Парламентімен және оның Палаталарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынастарда;

халықаралық қарым-қатынастарда өкілдік етеді;

3) мыналарды:

әлеуметтік-гуманитарлық сала: білім, ғылым, мәдениет және спорт мәселелері бойынша қызметті үйлестіреді;

Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның; Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның; Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның; Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы жөніндегі республикалық комиссияның; Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның; Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның; Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның; Ұлттық құрылтайдың және Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін үйлестіреді;

4) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді, қоғамдық даму саласындағы мемлекеттік талдамалық құрылымдардың жұмысын үйлестіреді;

5) «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау жөніндегі жұмысты үйлестіреді;

6) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

5.  Осы Жарлықта белгіленген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында Мемлекеттік кеңесші:

1) өкімдер шығаруға;

2) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар беруге;

3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысуға;

4) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен басқа да материалдарды сұратуға және алуға;

5) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларын әзірлеу, сондай-ақ Мемлекет басшысы алға қойған өзге де міндеттерді шешу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.

6. Мемлекеттік кеңесшінің қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзгедей қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.

 

 


Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі 

ҚАРИН Ерлан Тынымбайұлы 

1976 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Ақсу ауылында туған.

1997 жылы К. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, 1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін аспирантурасын бітірген.

Саяси ғылымдарының кандидаты.

1997-1998 жылдары – Ақтөбе қаласының №33 мектебінде география және тарих пәндерінің мұғалімі.

1998-2000 жылдары – Қазақстан даму институтында саяси зерттеулер орталығының қызметкері, Қытай және Ресей институты директорының орынбасары.

2000-2002 жылдары – Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінің директоры.

2002-2003 жылдары – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің штаттан тыс кеңесшісі.

2003-2004 жылдары – Республикалық «Асар» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, заманауи саясат Халықаралық институтының бас директоры.

2004-2006 жылдары – Антитеррористік бағдарламалар орталығының басшысы.

2006-2008 жылдары – Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі.

2008 жылғы ақпан-қараша – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі.

2008-2013 жылдары – «Нұр Отан» ХДП-ның стратегиялық даму бойынша хатшысы.

2013-2014 жылдары – Вашингтон Университетінің (АҚШ) арнайы шақырылған профессоры.

2014-2017 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры.

2017-2019 жылдары – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорация» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы.

2019 ж. сәуір - 2020 ж. шілде аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.

2020 ж. шілде - 2022 ж. қаңтар Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 

2022 жылғы 5 қаңтардағы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы лауазымына тағайындалды.

2022 жылғы 14 масымдағы Президенттің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі лауазымына тағайындалды.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Прокуратурасына 25 жыл», Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталған.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару