National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Президент жанындағы кеңестер

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі

Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (бұдан әрі – Ұлттық кеңес) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

2. Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты – жұртшылық, саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдерімен кең талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды жинау.

3. Ұлттық кеңес өз қызметінде ҚР Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы ережеге сүйенеді.

 

Ұлттық кеңестің негізгі міндеттері:

1. Тұжырым, мемлекеттік бағдарлама мен нормативтік құқықтық актілер жобасына қоғамдық сараптама жүргізу;

2. Жұртшылық пен азаматтық қоғам пікірін ескере отырып, маңызды стратегиялық проблемаларды қарастыру;

3. Жұртшылық, саяси партия, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдар арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету;

4. Өз құзіреті шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметтерді жүзеге асыру;

 

Ұлттық кеңес құрамы

Ұлттық кеңес Ұлттық кеңестің төрағасы, оның орынбасарлары, мүшелерден және хатшыдан тұрады. Ұлттық кеңестің төрағасы (бұдан әрі – Төраға) – Қазақстан Республикасының Президенті.

Ұлттық кеңес төрағасы:

  • Ұлттық кеңес қызметіне жалпылама жетекшілік етеді;
  • Ұлттық кеңес отырысын өткізу орны мен уақытын белгілейді;
  • Ұлттық кеңес төрағасының орынбасарына, мүшелері мен хатшысына тапсырма береді.


Ұлттық кеңестің құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партия, үкіметтік емес сектор өкілдерінен қалыптасады. Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Ұлттық кеңес құрамына лауазымына қарай кіреді.
Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық кеңеске республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңес өкілдері, сондай-ақ өзге де тұлғалар енуі мүмкін. Ұлттық кеңестің шешімімен қоғамды дамытудың жекелеген салалары бойынша жұмыс тобы құрылуы мүмкін. Жұмыс топтары Ұлттық кеңес мүшелерінен құрылады.

Ұлттық кеңес мүшесі:

  • Ұлттық кеңестің жұмыс жоспары, отырыстың күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныс беруге;
  • Ұлттық кеңес отырысына материалдар, кеңес шешіміне сай жобалар әзірлеуге қатысуға;
  • Ұлттық кеңес отырыстарында қаралатын мәселелерді талқылауға және оны қоғамға түсіндіруге қатысуға құқылы. Ұлттық кеңес мүшелері өз құзіретін өзгеге тапсыруға құқы жоқ. Ұлттық кеңес мүшелері Мемлекет басшысы қол қойған Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі куәлігін иеленеді.


Ұлттық кеңес хатшысы:

  • Ұлттық кеңестің жұмыс жоспарын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
  • Кеңес отырысының күн тәртібінің жобасын әзірлейді;
  • Ұлттық кеңес отырыстарына материал, сондай-ақ кеңестің хаттамалық шешімдерінің жобасын дайындауды ұйымдастырады;
  • Ұлттық кеңес мүшелерін Ұлттық кеңесті өткізу орны мен уақыты, кезекті отырыстың күн тәртібі туралы хабарландырады, оларды қажетті материалмен уақытылы қамтамасыз етеді;
  • Жекелеген жұмыс түрлерін орындау үшін белгіленген тәртіп бойынша сарапшыларды, ғалымдар мен мамандарды тартады;
  • Өңірлерде көшпелі консультативтік кеңес өткізеді;
  • Төрағаның тапсырмасы бойынша өзге де құзіретті жүзеге асырады.

Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару